Астанада 10 мың шаршы метрлік жабық аттракцион паркі ашылады

302

Бұл туралы Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов мәлімдеді.  

Астанада 10 мың шаршы метрлік жабық аттракцион паркі ашылады Фото: Ақорда

Астанада аумағы 10 мың шаршы метр болатын заманауи жабық Ailand аттракцион паркін іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол елордалық мәслихаттағы қоғамдық тыңдауда қаладағы туризмнің қазіргі ахуалы мен саланы дамыту жоспарларын таныстырды.

Басқарма басшысының айтуынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында Астанаға 830 мың турист келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12%-ға жоғары көрсеткіш. Қазір елордада 100-ден астам туристік нысан, 340 қонақүй жұмыс істейді. Туристерге экскурсиялық қызметті 140-тан астам кәсіби гид көрсетеді.

"Жақын арада аумағы 10 мың шаршы метр болатын заманауи жабық Ailand аттракцион паркін іске қосу жоспарланып отыр. Жаңа нысандар экскурсиялық бағыттарды кеңейтіп, қала қонақтарына елорданы танып-білудің жаңа мүмкіндіктерін береді", – деді Халел Әкімжанов.

Сонымен қатар елордадағы қонақүй инфрақұрылымын кеңейту мақсатында инвесторлармен бірнеше жоба талқыланып жатыр. Шетелдік туристерді Астанаға тарту бойынша да жұмыстар жүргізілуде.

Туризмді дамытудың жаңа стратегиясы әзірленіп жатыр

Биыл маусым айынан бастап Астананың 2026–2031 жылдарға арналған туризмді дамыту стратегиясы әзірленуде.

Құжаттың негізгі мақсаты – туристер ағынын арттыру, олардың елордада аялдау уақытын ұзарту және қала экономикасына түсетін туристік шығын көлемін көбейту.

Стратегияны дайындау төрт кезеңге бөлінген. Осы уақытқа дейін Астанаға ұқсас сегіз қала зерттеліп, шетелдегі алты негізгі туристік нарыққа талдау жүргізілген. Бұған қоса 9 мыңға жуық туристің қатысуымен сауалнама өткізілген.

Қазір мамандар туристік ағынның нақты көлемін және оның елорда экономикасына ықпалын бағалап жатыр. 12 тамызда сарапшылар, туристік бизнес өкілдері мен мәслихат депутаттарының қатысуымен стратегиялық сессия ұйымдастырылды.

"Онда туризм саласын одан әрі дамыту және Астананы туристік бағыт ретінде таныту мәселелері талқыланды. Қазір стратегияны әзірлеудің үшінші кезеңіне көштік. Бұл кезеңде инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасын жақсарту, елорданы ілгерілету және туризмнің басым бағыттары бойынша нақты бастамалар әзірленеді", – деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, соңғы кезеңде жол картасы, мастер-жоспар және негізгі тиімділік көрсеткіштері әзірленеді. Стратегияны дайындау жұмыстарын қараша айында аяқтап, құжатты кейін Астана қаласы мәслихатының қарауына ұсыну жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу