Астанада мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған халықаралық оқыту жобасы басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бастама Қазақстан мен Түркияның білім беру саласындағы ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Жобаны Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы Түркияның TİKA халықаралық түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен бірлесіп ұйымдастырған. Оның мақсаты – шетелдің озық тәжірибесін елорда мектептеріне енгізіп, "Келешек мектеп" бағдарламасы аясында білім беру жүйесінің инновациялық әлеуетін арттыру.
Бағдарламаға Астанадағы жалпы білім беретін мектептердің 111 педагогі қатысып жатыр. Сабақтар №103 жалпы орта білім беретін мектеп базасында өтуде.
Оқыту курстары мұғалімдер үшін толықтай тегін және бюджеттен тыс қаражат есебінен ұйымдастырылған. Педагогтер STEM интеграцияланған оқыту және ойын технологиялары арқылы оқыту бағыттары бойынша білімдерін жетілдіреді. Бұл әдістер оқушылардың зерттеушілік, шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ оқу үдерісінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық жоба мұғалімдердің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндік беріп, заманауи оқыту әдістерін білім беру тәжірибесіне енгізуге, тәжірибе алмасуға және елорда мектептеріндегі білім сапасын арттыруға ықпал етеді.