Астанада 12 жастағы оқушы табылмай жатыр

468

Әлеуметтік желіде оқушының туған-туыстары мен жақындары оның жоғалғаны туралы ақпарат таратты.

Астанада 12 жастағы оқушы табылмай жатыр Фото: Астана қаласы ПД баспасөз қызметі

"№90 мектептің оқушысы кешеден бері үйіне оралған жоқ. Барынша таратуды өтінемін", – делінген әлеуметтік желіде тараған ақпаратта.

Бұл жайтқа қатысты Астана қалалық ішкі істер департаменті де мәлімет таратып, полиция баланы іздеп жатқанын хабарлады.

"Осы жылдың 30 қазанында елорда тұрғыны полицияға жүгініп, 12 жасар баласын іздеуге жәрдем беруді өтінді. Ұлы сол күні сағат 16-00-де Трудовая көшесіндегі үйінен ойнауға шығып кеткен. Қазір оның қай жерде екені белгісіз", – деді департамент.

Ұсынылған мәліметке сәйкес, баланың бойы – 145-150 см. Шашы қысқа, қара. Үстіне капюшоны жоқ қою қызыл түсті қысқа балон күрте, ақ жолақтары бар қою көк түсті трико, аяғына қара кроссовка киген.

Жоғалған бала туралы мәлімет полиция департаментінің жеке құрамына таратылған. Қажетті жедел іздеу және тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

"Сонымен қатар баланы іздеу жұмысына еріктілер көмектесіп жатыр. Қазір бала жүруі мүмкін бағыттардың бәріндегі бейнебақылау камералары тексерілуде. Мұнан бөлек, кәмелетке толмаған жасөспірімнің бірінші рет жоғалмағаны анықталды. Нәтижесіне қарай отбасы жасөспірімдер ісі жөніндегі полиция қызметкерлерінің ерекше бақылауына алынады", – деп нақтылай түседі ведомстводан.

Жасөспірімге қатысты қандай да бір ақпарат білетін қала тұрғындары мына телефон нөмірлеріне хабарласа алады: 8 (7172) 71-65-57, 71-65-58, 71-60-27 немесе 102.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу