Елорда әкімдігі 18-19 қаңтар күндері қаладағы барлық православие шіркеулерінде Крещение мерекесі рәсімі өтетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаппай шомылу 19 қаңтар таңғы 08:00-ден сағат 23:00-ге дейін жалғасады.
Діни рәсім барысында Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Суда құтқару қызметі және полиция департаментінің қызметкерлері тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл күні шомылу орындарында жедел жәрдем бригадалары кезекшілік етеді.
2024 жылы Крещение мерекесінің рәсімі 18-19 қаңтарда Астана қаласының барлық православие шіркеулерінде өтеді. Олар: Успен кафедралды соборы (Күйші Дина көшесі, 27), Константин-Еленин шіркеуі (Республика даңғылы, 12), Серафим Саровтың шіркеуі (Бөгенбай батыр даңғылы, 8).
Есіл өзеніндегі мұздың қалың болмауына байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің ұсынысы негізінде шомылатын орындар Есіл өзенінің сол жағалауындағы орталық жағажайда орналастырылды.
Шомылатын орындар 18 қаңтар күні сағат 19:30-дан бастап 19 қаңтар сағат 02:00-ге дейін қолжетімді болады, деп хабарлады әкімдік.
Сонымен қатар, әкімдік елорда тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік шараларын сақтауға және шомылу кезінде ауа райы жағдайларын ескеруге шақырды.
Қауіпсіздік ережелерін және шомылуға арналған орындарды есте ұстаған жөн: купельдің жанында 3 адамнан артық тұрмау керек, тек құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің бақылауымен суға түсу қажет. Суға кірмес бұрын, денені қыздыратын жаттығу жасап, рәсімнен кейін өзіңізді сүлгімен ысқылап, жылы заттарды киіп, ыстық шай ішуіңіз керек. Егер шомылу кезінде денсаулығыңыздың нашарлағанын сезсеңіз, дереу шомылу орнында кезекші дәрігерлерге хабарласуға кеңес береміз, делінген хабарламада.