2026 жылғы 17 наурыз күні Астана қаласында "Ұлттық спорт күніне" орай ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ауқымды мәдени-спорттық іс-шара ұйымдастырылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Іс-шара аясында "Алтын сақа" атты флэшмоб және ұлттық асық ойыны өткізіледі. Бағдарлама Цифрландыру жылы аясында жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы ұйымдастырылып, іс-шараны Айдар есімді жасанды интеллект жүргізеді.
Жекпе-жек сарайының алаңында өтетін мәдени-спорттық бағдарламаға 3000 бала қатысады. Қатысушылар арнайы қойылым арқылы сап түзеп, асықтың "Алшы" пішінін және "Алтын сақа" сөзін бейнелейді. Музыкалық сүйемелдеумен балалар түрлі би элементтерін орындап, флэшмобтың көркемдік мазмұнын аша түседі.
Флэшмоб аяқталғаннан кейін жасанды интеллект барлық білім беру ұйымдарында – балабақшалар мен мектептерде – "Асық ойынының" басталуын ресми түрде ашық деп жариялайды. Осы сәтте жасанды интеллекттің белгісімен қала бойынша мектептер мен балабақшаларда бір мезетте 15 000-нан астам бала асық ойынын бастайды.
Іс-шара аясында жалпы саны 18 000-нан астам бала ұлттық асық ойынына қатысады.
Мәдени-спорттық іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық асық ойынының ерекшелігін кеңінен насихаттау, оның тәрбиелік мәнін түсіндіру және жас ұрпақтың ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыру.