Экспозицияда 1930 жылдардан бүгінге дейінгі ел тарихындағы маңызды оқиғалар мен қоғам өмірінен сыр шертетін сирек кадрлар қойылған. Кейбір суреттер алғаш рет көрермен назарына ұсынылып отыр.
Көрме 6 бөлімнен тұрады. Мұнда ұжымдастыру мен индустрияландыру кезеңі, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары, тың игеру дәуірі, ірі құрылыс жобалары, сондай-ақ Алматы мен Астананың дамуы мен әлеуметтік-мәдени өзгерістер бейнеленген.
Сонымен бірге, мемлекет дамуына үлес қосқан көрнекті тұлғалардың портреттері де бар.
"Экспозиция қазақстандықтардың ғасырлар тоғысындағы күрделі кезеңдердегі өмірін көрсетеді. Бұл — біздің тарихи жадымыздың айшықты куәсі", – деді Kazinform агенттігінің басқарушы директоры Нағашыбек Алдан.
Өз кезегінде MEGA Silk Way директоры Қуат Әкімбаев жобаның тарихи маңызына тоқталып, елорданың дамуы мен танымал нысандарының қалыптасуын бейнелейтін фотосуреттерді ерекше атап өтті.
Көрмеге барлығы 188 сурет қойылған. Фотокөрме 31 тамызға дейін жалғасады.