Биылғы жылдың басынан бері Астанада жетімдер үйінің 49 түлегі баспанаға ие болды. Жалпы қалада 2600 астам жетім бала баспана кезегінде тұр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Қалалық білім басқармасының жетекшісі Ануар Жанғозинның айтуынша, жетім балалар баспанаға бірінші кезекте ие болатын санатқа жатады.
"Бұған қоса білім алуы кезінде жетімдер үйінің түлектерін тұрғылықты жермен, тегін тамақ пен медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылған. Осы орайда бізде Отбасыны қолдау орталығының жұмысының арқасында қалыптасып отырған оң динамиканы атап өткім келеді. 2016 жылдан бері балалар үйінде бала асырап немесе патронаттық қамқорлыққа алуға ниетті отбасыларға құқықтық кеңес беріп келеді. Осы күнге дейін 200-ге жуық отбасыға аталған бағыттағы консультация көрсетілді", - деді қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясында баяндама жасаған білім басқармасының жетекішісі Анаур Жанғозин.
Қалалық тұрғын үй басқармасының жетекшісі Руслан Ахметовтің мәліметінше, баспана кезек тәртібі бойынша беріледі.
"2015 жылы қолданыстағы заңға өзгеріс енгізілгенде Астанада шамамен 1500 жетім үй кезегінде тұрған болатын. Заң жүзінде жетім балаларға басымдық беріліп, баспанаға бірінші кезекте ие болу құқығына ие болды. Осы орайда жүргізген талдау нәтижесі еліміздің ішкі миграциясының салдарынан екі-үш жылдың ішінде кезек мың адамға ұлғайды. Жалпы, соңғы бес жылдың ішінде жетім балаларға 400-ге жуық пәтер берілді", - деді тұрғын үй басқармасының жетекшісі Руслан Ахметов.
Тек 2017 жылдың басынан бері 49 жетім үйлі болған.
"Ал 2015 жылы 165 жетім баспанаға қол жеткізді. Бұл жұмыс жалғасып жатыр. Ал әлі күнге дейін тұрғын үймен қамтамасыз етілген жетім балаларға келер болсақ, 2013 жылы заңға сәйкес балалар үйіне түскен күннен бастап алты ай ішінде баланы баспана кезегіне уақыты қоймағаны үшін қамқоршы мен балалар үйінің директорына қатысты әкімшілік шара қолдану туралы өзгеріс енгізілді", - деді Руслан Ахметов.