Астанада 2019 жылы жеңіл рельсті көлік жүйесі пайда болады

1333

Астанада 2019 жылы жеңіл рельсті көлік жүйесі пайда болады

Астанада пайда болатын жеңіл рельсті көлік жүйесінің 80%-ын қытайлықтар қаржыландырады, деп хабарлайды strategy2050.kz
"Астана LRT" ЖШС мәліметіне сүйенсек, ұзындығы 22,4 шақырымдық жеңіл рельсті көлік жүйесі алғашқы кезекте төрт негізгі хабты байланыстырады. Бұл – Астана халықаралық әуежайы, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің нысандары, Абу-Даби плаза кешені және "Нұрлы жол" жаңа теміржол вокзалы.

"Кесте бойынша жеңіл рельсті көлікті (LRT) іске қосу 2019 жылға жоспарланған. Қазіргі уақытта инженерлік жүйесін реттеу, бұрғылау жұмыстары басталды. Жобаның 80%-ын қытайлықтар, 20%-ын еліміз қаржыландырады", – деп хабарлады сұхбатында Астана қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов.

Аталған бағыт Қабанбай батыр даңғылы, Ш.Қалдаяқов, Сығанақ көшелерімен жүреді. Жоба Сығанақ және Ш.Қалдаяқов көшелерінің құрылымын жеңіл рельсті көлік түріне сәйестендіруді талап етеді. Сонымен қатар қолданыстағы М3 көпірінің қасынан Есіл өзені арқылы темір жол көпірі салынады. Жүйе бойынша 22,4 шақырымдық эстакада, жабық түрдегі 18 заманауи станция, 19 көлік құрамы және Астана халықаралық әуежайы маңында орналасатын депо қарастырылған. Мұндай көліктің орташа жылдамдығы сағатына 41 шақырым, қатты жылдамдығы сағатына 80 шақырым. Әр көлік құрамының ұзындығы 60 метр, ені 2,8 метр, сыйымдылығы 570 адам.

"Жеңіл рельсті көлік жүйесі – эстакадада LRT жолымен жүретін, өзге де көлік жолдарымен тоқайласпайтын қоғамдық көліктің ең қауіпсіз түрі. Жеңіл рельсті көліктің алғашқы кезеңін іске қосу 2017 жылдың екінші жартысына көзделген. Жалпы алғанда ұзындығы 76 шақырым болатын үш кезеңдік құрылыс жұмыстары жоспарланып отыр", – делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу