Елордаға келуші еңбек мигранттарының саны жылда еселенеді, деп хабарлайды 24.kz.
Соңғы жеті айдың ішінде көші-қон полициясы басқармасы 25 мыңнан астам шетел азаматына жұмыс істеуге рұқсат берген. Ал олардың әрқайсысы айына екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде салық төлейді. Нәтижесінде Астана қазынасы 300 млн теңгемен толығып отыр. Бірақ шекараны кескендердің бәрі заңды бірдей сақтамайды. Ережені елемеген, тығылып табыс тауып жүрген мигранттардың шоғырын жақында құзырлы органдар анықтады. Көші-қон заңнамасын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"Еріктілер мен қызметкерлер қосылып, еңбек мигранттары шоғырланған базар, құрылыс, сондай-ақ үй қызметкерлерін аралап ақпарат береміз", - деді еңбек мигранттарының құқығын қорғайтын орталықтың жетекшісі Қанат Мырқайдаров.
"Рейд жүргізу барысында бүгінге дейін 6 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды. Соттың шешімен өрескел заң бұзған 940 азамат елден шығарылды. Бұдан бөлек еңбек күшін заңсыз пайдаланған 68 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді, ІІД көші-қон полициясы басқармасының басшысы Еркетай Тұтқышев.