Астанада xалықты уақытша және тұрақты тіркеуге қою шараларының алдын ала қорытындысы шығарылды. Қалалық көші-қон полициясы басқармасының бастығы Гүлвира Дөненбаеваның айтуынша, жыл басынан бері елордада 250 мың адам тіркеуге тұрды. Соның ішінде 100 мың адам тұрақты тіркеуге тұрса, 150 мың адам - уақытша. Енді, осы мәліметтердің негізінде жергілікті атқарушы органдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, мектеп пен балабақшаларды салу, жалпы қаланы дамыту жоспарларын түзете алады. Айта кетсек, әрбір адамды тіркеуге қою баспананың ауданына қарай жүргізіледі. Алайда, бұл талапты орындамай, пәтерлерін заңсыз жалға беріп, адамдарды үсті-үстіне тіркеуді бизнеске айналдырғандар азаймай отыр. Мұны Елорданың дамуына арналған соңғы жиында президенттің өзі сынға алған болатын.