Соңғы 7 жылда елордада мектепке дейінгі жастағы балалардың саны екі еседен де артты (2011 жылы - 74 мың болса, 2017 жылдың аяғында - 164 мың бала), деп хабарлайды Елорда инфо.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, 3 жастан 6 жасқа дейінгі 47 мыңнан астам бүлдіршін мектепке дейінгі біліммен қамтылған болса, қазіргі таңда 26 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.
Балаларды балабақшамен қамту динамикасы қарқынды жүруде. Мәселен, 2017 жылдың басында қамту 70,6% болса, бүгінгі таңда ол 78% құрайды.
Мектепке дейінгі біліммен қамтудың негізгі бөлігі мемлекеттік тапсырыс бойынша 79 балабақшаға (2,7 млрд теңгеге) орналастыру арқылы мүмкін болды. Осылайша, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың жалпы саны мемлекеттік балабақша санынан екі есе көбейген (96 мемлекеттік және 188 жеке).