Астанада 292 пәтерлі көпқабатты үй пайдалануға берілді

806

Астанада 292 пәтерлі көпқабатты үй пайдалануға берілді

Бүгін Астана әкімі Әсет Исекешев тұрғындарға Қошқарбаев даңғылы, 39 мекенжайы бойынша орналасқан жаңа үйдегі 292 пәтердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жаңа баспана иелерінің 146-сы – үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз топтары санатына  жататын азаматтар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері.

Қоныс тойы иелерін құттықтай отырып, Әсет Исекешев елордадағы баспананың қолжетімділігі халықтың барлық санаттары үшін жылдан жылға артып келе жатқандығын атап өтті. 

"Қасиетті Рамазан айының алғашқы күні сіздер үшін қуанышты хабардан басталды. Әкімдіктің құрылымын өзгерту аясында қазіргі таңда азаматтарды кезекке қоюмен, баспананы ұсынумен айналысатын арнайы мекеме  жұмыс істейді. Жұмыстың жаңа форматы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Биыл мыңнан астам пәтері бар 6 ТК пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Олардың жалпы ауданы 60, 58 мың шаршы метрді құрамақ. Сол себепті бізді күтіп тұрған қуанышты жаңалықтар аз емес. Барлығыңызды қоныс тойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын!", – деді қала әкімі. 

Үй тұрғындары атынан Дина Қапашева сөз сөйледі. Көп жылдық тәжірибесі бар мұғалім бұл жаңалықты 8 жыл күткенін айтады. 

"Мен 2010 жылдан бері бюджеттік ұйымның қызметкері ретінде үй кезегінде тұрдым. Шынымды айтсам, уақыт мен үшін өте баяу өтті. Ал, бүгін мұның бәрі болмаған сияқты. Енді менің үш бөлмелі пәтерім бар. Мұнда ұлым екеуміз тұрамыз. Шаңырағымыз жанға толып, келінімізбен, немерелерімізбен осында тату-тәтті тұратын боламыз", – деді ол. 

Шараның салтанатты бөлімі аяқталған соң Әсет Исекешев бірнеше пәтерді аралап, олардың тұрғындарын жеке құттықтады. 

Айта кетейік, 292 пәтері бар жаңа тұрғын үй кешені "Нұрлы жер" бағдарламасын іске асыру аясында қала әкімдігінің тапсырысы бойынша салынып, пайдалануға берілді. 

Ол Нәжімеденов даңғылы мен Байтұрсынов көшесі арқылы Астананың сол жақ жағалауына шығатын ыңғайлы көлік айырығымен қамтамасыз етілген. Үйдің жанында Әзірет Сұлтан мешіті, Ұлттық музей, Бейбітшілік және келісім сарайы сияқты мәдени нысандар орналасқан. Сондай-ақ, аталмыш үй орналасқан ауданнан "Астана Нұрлы Жол" теміржол вокзалына тікелей жетуге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу