"Астана Балет", "Астана Опера" және Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры жаңа маусымын бастайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаңа маусымды алғаш болып "Астана Балет" театры ашады. 28-29 тамызда мұнда Корей ұлттық балетінің "Корсар" спектаклі көрсетіледі. Алдағы маусымда театрда жаңа балет қойылып, симфониялық концерттер мен шығармашылық жобалар ұйымдастырылады. Театр әртістері Вьетнам, Франция және Австрияда гастрольдік сапармен өнер көрсетеді.
"Астана Опера" XIV маусымын 4-5 қыркүйекте "Абай" операсымен ашады. Маусым барысында "Чарли и Ирэн", "Томирис" балеттері және балаларға арналған "Арман" музыкалық спектаклі ұсынылады.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-маусымын 12-13 қыркүйекте "Ақбала" ұлттық балетінің премьерасымен бастайды. Қойылым Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен тер" трилогиясы негізінде сахналанады.