Астана қаласының прокуратурасы "Оазис", R-Club және R-ClubDeluxe тұрғын үй кешендерінің үлестік құрылысына қатысты қылмыстық істерді сотқа жолдады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қадағалау органының мәліметінше, іс-әрекеттері 426-дан астам отбасының мүддесіне 8,2 млрд теңге көлемінде аса ірі залал келтіруге әкеп соққан адамдар тобына қатысты қылмыстық істер сотқа жіберілді.
Тергеу барысында ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, тиісті рұқсат құжаттарын алмай-ақ "Оазис", R-Club және R-ClubDeluxe тұрғын үй кешендерінің құрылысына азаматтардың ақшалай қаражатын тартқаны анықталған. Сонымен қатар жиналған қаражат мақсатты түрде пайдаланылмаған, ал құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қамтамасыз ету үшін сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды.
Атап айтқанда, 10 пәтерге, 36 жер учаскесіне, 16 тұрғын емес нысанға және 49 автокөлікке шектеу қойылған.
Қылмыстық іс аясында 12 күдіктіге қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.