Елордада жеке стоматологиялық клиникада ем қабылдау кезінде көз жұмған 3 жастағы қыздың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Соттың шешіміне сай, анестезиолог дәрігер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Ол 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, сонымен қатар 3 жылға медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Десе де, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай қабылданған "Рақымшылық туралы" заң аясында сотталған дәрігер негізгі жазасын өтеуден босатылды. Соған қарамастан, оған қатысты кәсіби шектеу сақталып, 3 жыл бойы медицина саласында жұмыс істеуіне тыйым салынды.
Іс материалдарына сәйкес, анестезиологқа "медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкелу" дерегі бойынша айып тағылған. Сот процесі барысында ол өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеп, баланың денсаулығындағы бұрыннан бар аурулар туралы хабарсыз болғанын айтты.
Еске салайық, наркоз қолданылған соң есін жимаған қыздың оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.
2025 жылдың 23 маусымында Мемлекет басшысы рақымшылық туралы заңға қол қойды. Осыған дейін Мәжілісте осы заң жобасын талқылау кезінде рақымшылыққа ілігетін азаматтардың саны жарияланған еді.