Астанада 3 жастан 6 жасқа дейінгі 33 мыңнан астам бүлдіршін мемлекеттік балабақшаға кезегін күтуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
- 2017 жылы мемлекеттік балабақшаларға 6310 орын бөлінген, оның 2542-і берілді. Жалпы орынның жетіспеушілігі екі факторға байланысты. Біріншіден, күн сайын кезек қатарын 90 бүлдіршін толықтырып отырады. Оның 20-ы қоныс аударуға байланысты, 70 бала туу есебінен. Екінші фактор – балабақша жетіспеушілігі, - деді Әнуар Жанғозин.
- Балабақшаларда кезек кім, қашан өтініш бергеніне байланысты қалыптасады. Яғни, кім бірінші өтініш берсе, сол тиісінше бірінші болып тіркеледі. Бұны баланың туған күнімен, жылымен байланыстырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл жерде әр жас ерекшелігіне әртүрлі орын беріледі. Яғни бұл балабақшаларда орындардың босауына байланысты. Қазір жалпы бізде туылған жылымен орын саны тең бөлінбеген. Алайда біз кезекте көп тұрған балалардың жас тобына қарап, көбірек орын бөлуге тырысамыз, - дейді Астана қаласы білім басқармасы басшының міндетін атқарушы.
Бұл мәселеге қатысты жағдайды мемлекеттік-жеке серіктестік шеңберіндегі мектепке дейінгі білім беру мекемесін салу шешеді, деп санайды, Әнуар Жанғозин.
Жанғозиннің мәліметінше, 2006 жылы Астанада мемлекеттік тапсырыс бойынша 44 жеке балабақша жұмысын бастаған.
- Елордада жеке меншік балабақшалардың саны мемлекеттік балабақшалармен теңесті, тіпті саны одан да артты, - дейді ол.