Астанада ер адам көшеде бейтаныс адамдардың көзінше әйеліне қол көтерген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Видео Halyqstan Telegram-каналында жарияланды. Ақпаратта оқиғаның елордадағы "Саржайлау" тұрғын үй кешенінің маңында түсірілгені жазылған. Онда ер адамның кішкентай баласы мен көшедегі адамдардың көзінше әйелін ұрып жатқаны бейнеленген.
Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне осы оқиға бойынша түсінік беруін сұрап, хабарластық.
"Отбасылық-тұрмыстық жанжал фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны ұстап, бөлімшеге жеткізді. Елордадағы тұрғын үйлердің бірінің жанында 34 жастағы ер адамның жұбайына күш қолданғаны анықталды. Қазір ол уақытша ұстау камерасына қамалды. Оған қатысты жәбірленушімен байланыс жасауға шектеу қоятын қорғау нұсқамасы шығарылды", – делінген ресми хабарламада.