Мұғалімдер съезі ТМД білім министрлері шешімімен екі жылда бір рет өткізіледі. 2010 жылы ТМД-ға мүше мемлекеттердің мұғалімдері мен білім беру қызметкерлерінің бірінші съезі Қазақстанда өткен болатын.
"Қазіргі уақытта әртүрлі елдер мұғалімдерінің бірлігі – білім беру саласында мемлекеттер арасындағы тұрақтылық пен ынтымақтастықты нығайтудың кепілі. ТМД елдерінің білім беру саласындағы ынтымақтастық кеңесі VII съезді Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылдады. Әртүрлі бағыт бойынша барлығы 9 тақырыптық секция ұйымдастырылады: білім беру мазмұны, бағалау, жалпыадамзаттық құндылықтар, мұғалімдерді дамыту, қосымша білім беру, цифрлық трансформация, балалардың әл-ауқаты, инклюзивтілік және кәсіптік-техникалық білім. Цифрландыру дәуіріндегі оқу сауаттылығы мен ата-аналармен өзара әрекеттесу мәселелері де талқыланады", – деді орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Съезд аясында педагогикалық шеберлік фестивалінің қорытынды кезеңі өткізіледі. Байқаудың финалистері, яғни ТМД елдерінің мұғалімдері біздің елге келеді. Олар сайыс сабақтарын көрсетеді. Сондай-ақ мұғалімдерге арналған шеберлік сабақтары өткізіледі деп жоспарланған.