Астанада қаланы көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазір елорда аумағында шамамен 4,7 миллион жасыл желек өсіп тұр. Ал "Жасыл белдеу" аумағында тағы 14 миллионға жуық өсімдік бар.
Қалада жыл сайын шамамен 1 миллион жаңа жасыл желек отырғызылады. Оның 70 мыңға жуығы – ағаш. Көгалдандыру кезінде Астананың климатына төзімді ірі ағаштар мен көпжылдық бұталарға басымдық беріледі.
Елорда көшелерінің көркін келтіріп тұрған өсімдіктердің бірі – шашақты гортензия. Көпжылдық сәндік бұта ұзақ уақыт гүлдеп, ірі гүлшоғырларымен ерекшеленеді. Гүлдерінің реңкі маусым бойы біртіндеп өзгеріп отырады.
Шашақты гортензия қысқы суыққа төзімді әрі дұрыс күтім жасалған жағдайда қалалық ортаға жақсы бейімделеді.
Астананың климаты қатты аяз, боран және ауа райының күрт өзгеруімен ерекшеленеді. Сондықтан қала жағдайына бейім өсімдіктерді таңдау көгалдандырудың маңызды бөлігі саналады.
Гүлге оранған гортензиялар елорданың жасыл қорын арттырып қана қоймай, қоғамдық кеңістіктерге де сән беріп отыр.