Астанада 4 тонна насыбай тәркіленді

255

20 млн теңгенің өнімі өндірістік базада арнайы қондырғымен жойылды.   

Астанада 4 тонна насыбай тәркіленді Фото: gov.kz

Шараны Астана қаласының әкімдігі полиция департаментімен бірлесіп ұйымдастырған. Акцияға медиа тұлғалар, "Аманат" партиясы "Жастар рухы" жастар қанатының белсенділері мен еріктілер де қатысты.

Рейдтік жұмыстар нәтижесінде тәркіленген 4 тонна насыбай қала шетіндегі өндірістік базада арнайы қондырғы арқылы жойылды. Мамандар мұның экологияға ешқандай зардабы келмейтінін айтты. Процесс арнайы комиссияның қатаң бақылауында болды.

СЕРГЕЙ ЦЫРУЛЬНИКОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ АМБАССАДОРЫ:

Мұндай акциялар жаман әдеттерге қарсы екенімізді көрсетеді. Біз жастарға дұрыс тәрбие беруіміз керек. Жаман әдеттерді жақсы әдеттерге алмастыруымыз керек. Ең алдымен, жастарымыздың психологиялық тәрбиесіне көңіл бөлу керек. Бұл тек отбасының ғана емес, жалпы мемлекеттің мәселесі.

18 наурыздан бастап Астананың барлық ауданында вейп пен насыбайдың заңсыз таралуы мен қолданылуын анықтау бойынша рейдтер жүргізіліп жатыр. Құзырлылар 500-ден астам сауда орындарын тексеріп, зиянды заттарды таратушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

САМАТ ИБРАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Мақсатымыз - салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды жаман әдеттен арылту. Еліміздің барлық жастарын бізге қосылуға шақырамын.

Айта кетейік, акцияларға тәртіп сақшыларынан бөлек еріктілер мен белсенді жастар да атсалысуда.

АРСЛАНБЕК МАҒЗҰМ, ҚАЛАЛЫҚ "ЖАСТАР РУХЫ" ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біздің мақсатымыз ол біздің жастарымыз дұрыс бағытта жүрсін деп біз оларға қандай да бір өзіміздің жағымыздан көмегімізді тигізуге тырысамыз. Яғни, осы акция аясында тек рейдтік жұмыстарды жүргізбей спорттық шаралар бар, марафондар бар. Қандай да бір арт көрмелер өткізілетін болады.

"Түсіндіру жұмыстарын да қолға алдық", - дейді белсенділер. Түптеп келгенде осы шараның барлығы жастарды жаманнан жирентіп, жақсыға үйрету.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу