Астанада 42 шақырым 195 метрге жүгіруден халықаралық марафон өтеді

848

Астанада 42 шақырым 195 метрге жүгіруден халықаралық марафон өтеді

Тамыздың 27 күні Астанада 42 шақырым 195 метрге жүгіруден халықаралық марафон өтеді. Бұл туралы ҚР жеңіл атлетика федерациясының маркетинг және PR бойынша менеджері Мақпал Зинашева мәлімдеді, деп хабарлайды elorda.info.

Халықаралық марафонды ҚР мәдениет және спорт министрлігі, ҚР жеңіл атлетика федерациясы, Астана қаласының әкімдігі және "Шанхэ" Юньнань мәдениет және спорт компаниясы бірігіп ұйымдастырып отыр. Мақпал Зинашеваның айтуынша, марафонының жалпы жүлде қоры 60 мың долларды құрайды. Сондықтан да ол марафонға қатысуға құлшыныс танытып отырғандардың қарасы қалың екенін ескертті.

"Астана халықаралық марафонына қатысушыларды тіркеу 15 шілде күні басталған болатын. Қазіргі таңда 1000-нан астам адам тіркеліп үлгерді. Алайда тіркеу жұмыстары 26 тамызға дейін жалғасатын болады Жалпы, марафонға қатысуға өтініш бергендердің басым бөлігі 10 мың метрге жүгіруге ниеттеніп отыр. Ал 42 шақырым 195 метр және 2017 метрге жүгіруге талаптанғандардың саны бір-біріне шамалас", – дейді Мақпал Зинашева.

Баспасөз мәслихатына ұйымдастыру комитетінің мүшесі, марафонға жүгіруден Гиннеса рекордтар кітабына 7 мәрте енген Марат Жыланбаев та қатысты. Ол жеңімпаздарға жүлде қорының қалай берілетінін жан-жақты айтып берді.

"Иә, 42 шақырым 195 метр марафонының жалпы жүлде қоры 60 мың долларды құрайды. Алайда желаяқ аталған қашықтықты 2 сағат 20 минутта жүгіріп өтетін болса, онда ол 13 мың АҚШ долларына ие болады. Әйелдер бұл қашықтықты 2 сағат 40 минутта жүгіріп өтсе жеткілікті. Мәреге 2 сағат 20 минутта емес, одан сәл кешірек келіп, бірақ жеңімпаз атанатын болса, 7500 мың долларға қол жеткізеді. Жалпы, 9 ер, 9 әйел спортшыға дейін ақшалай сыйақы қарастырылған. Ал 10 шақырым және 2017 метрге жүгіретіндерге демеушілер тарапынан бағалы жүлделер тағайындалған. Бірақ оларға ақшалай сыйақы берілмейді", – дейді Марат Жыланбаев.

Естеріңізге сала кетейік, 10 шақырымға жүгіретіндердің старты сағат 08.00-де басталады. Олар Mega Silk Way сауда орталығынан бастап Қабанбай батыр, Ұлы дала, Мәңгілік ел, Керей және Жәнібек көшелерінің бойымен жүгіреді. Сондықтан да тамыздың 27-сі күні аталған даңғылдар уақытша жабық болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу