Астанада 5 мыңға жуық шетелдікке айыппұл салынды

661

Астанада 5 мыңға жуық шетелдікке айыппұл салынды

Қаңтар – маусым аралығында әкімшілік құқықбұзушылық үшін 5 мыңға жуық шетелдікке айыппұл салынды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Тәртіп бұзушылардың басым бөлігі Қазақстанда еңбек етіп жүрген ТМД елдерінің азаматтары, дейді Астана қаласы ІІД көші-қон басқармасының басшысы Еркетай Тұтқышев.

Ол алғашқы ескертуден кейін шетелдік мигранттар олқылықты түзейтінін айтты. Бұдан бөлек, бірнеше тәртіп бұзғаны үшін 910 шетелдік жұмысшы елордадан шығарылды.

"Құрылыс орындарында заңсыз еңбек етіп жүрген Өзбекстан, Тәжікстан азаматтарын анықтаймыз. Оларға ескерту бірнеше рет жасалды. Сәйкесінше, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды және сот шешімі бойынша елден шығарылды. Депортация кезінде оларға Қазақстанға келуге бес жыл рұқсат жоқ", - деп түсіндірді Еркетай Тұтқышев.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, осы уақытқа дейін алыс шетелден келген 24 азамат, ал ТМД елдерінен 881 адам шығарылды.

Естеріңізге саламыз, бірінші жарты жылдықта Астанаға 200-ден астам шетелдік келді. Елордаға негізінен Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінің азаматтары жұмыс іздеп келеді. Алыс шетелдерден келетіндерден Қытай мен Түркия елдері алдыңғы орында.

Қазіргі уақытта Астанада тұрақты 12 650 шетелдік тұрады. Алыс шетелден 7 782, ТМД елдерінен – 4868 азамат өмір сүріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу