Астанада 50 мектепте педагогикалық сыныптар жұмыс істейді

243

Елордадағы 50 мектепте мұғалім мамандығына қызығатын оқушыларға арналған педагогикалық сыныптар ашылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Астанада 50 мектепте педагогикалық сыныптар жұмыс істейді Фото: Астана әкімдігі

Жоба 2024 жылдан бері "Баршаға қолжетімді сапалы білім" ұлттық баяндамасы аясында жүзеге асырылып келеді. Оған Астана халықаралық университеті, Еуразиялық гуманитарлық институты және Астана халықаралық университетінің Жоғары педагогикалық колледжі серіктес ретінде қатысуда.

Бастаманың мақсаты – оқушылардың педагог мамандығын саналы түрде таңдауына мүмкіндік жасап, білім беру саласына болашақ білікті мамандарды даярлау.

Биыл жобаға 9–11-сыныптардың 400-ден астам оқушысы қатысты. Олар жоғары оқу орындарының профессорлары ұйымдастырған дәрістерге, тренингтерге және шеберлік сабақтарына қатысып, кәсіби бағдар алды. Сондай-ақ "iTeacher" ІІІ жастар педагогикалық форумы, "Педагогикалық апгрейд – 2026" IV өңірлік форумы және "Кәсіби старт" қалалық слеті өтті.

Жобаға қатысқан оқушылар үшін серіктес жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарына түсу кезінде арнайы емтиханнан босату мүмкіндігі қарастырылған.

Әкімдік мәліметінше, жоба басталғалы педагогикалық сыныптарда білім алған 150-ден астам түлек жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарына түскен. Ал 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша мұндай түлектер саны 200-ден асады деп күтілуде.

Мамандардың айтуынша, "Педагогикалық сынып" жобасы ұстаз мамандығының беделін арттырып, елорданың білім беру жүйесін жас әрі білікті кадрлармен толықтыруға ықпал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу