Астанада Отбасы күніне орай "Отбасы апталығы" басталып, өнегелі отбасылар "Алтын шаңырақ" және "Күміс кереге" номинацияларымен марапатталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Апталықтың ашылу салтанаты М.Жұмабаев атындағы колледжде өтті. Шара барысында ұзақ жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген екі отбасы республикалық Аналар алқасының марапатына ие болды.
"Алтын шаңырақ" 50 жыл бірге өмір сүріп, елге лайықты азаматтар тәрбиелеген отбасыларға берілсе, "Күміс кереге" 25 жыл отасқан ерлі-зайыптыларға табысталады.
Республикалық Аналар алқасы төрағасының орынбасары Баян Ахатайдың айтуынша, марапаттау рәсімін студенттер арасында өткізу арқылы жастарға отбасы құндылықтарының маңызын түсіндіру көзделген.
"Отбасы күні елімізде 2013 жылдан бері аталып келеді. Оның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын сақтау және дәріптеу. Осындай өнегелі отбасыларды жастарға үлгі ету арқылы оларды саналы некеге, жауапты отбасы құруға үндейміз. Апта бойы Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлесіп бірнеше іс-шара өткізу жоспарланған", – деді Баян Ахатай.
"Отбасы апталығы" 7-14 қыркүйек аралығында өтеді. Осы кезеңде елордада отбасы институтын нығайтуға, ата-ана жауапкершілігін арттыруға және ұрпақтар сабақтастығын дәріптеуге бағытталған тәрбиелік, мәдени және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады.