Астанада бірнеше азаматты алдап, 500 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірген әйелге сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы қала прокуратурасы мәлім етті.
Тергеу мәліметінше, сотталған әйел ұзақ уақыт бойы таныстарының, көршілерінің және бұрыннан араласатын адамдардың сеніміне кіріп, түрлі сылтаумен ақша иемденіп келген.
Ол өзін ықпалды байланыстары бар адам ретінде таныстырып, ипотеканы жедел рәсімдеуге, тұрғын үй сатып алуға көмектесетінін айтып, жәбірленушілерді алдаған. Осылайша оларды өзіне ақша беруге, өз атына несие рәсімдеуге немесе жылжымайтын мүліктерін кепілге қоюға көндірген. Сондай-ақ декреттік төлемдерді көбейтіп беруге көмектесетінін айтып, ақша алып, уәдесін орындамаған.
Іс материалдарына сәйкес, жәбірленушілердің бірін екі бөлмелі пәтерін 16 млн теңге несие алу үшін кепілге қоюға көндірген. Әйел несиені өзі төлеп, үш бөлмелі пәтер сатып алуға көмектесетінін айтқан. Алайда алынған қаражатты жеке қажетіне жұмсап, бастапқыда несиенің бір бөлігін төлегенімен, кейін төлемдерді тоқтатып, байланысқа шықпай қойған. Соның салдарынан жәбірленушіге 9 млн теңгеден астам шығын келген.
Тағы бір эпизодта сотталған әйел жәбірленушіден оның жұбайының декреттік төлемін көбейтіп беремін деген желеумен 5 млн теңгеден астам қаражат алып, оны толықтай иемденген.
Прокуратураның мәліметінше, оның қылмыстық әрекеттерінен жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын 500 млн теңгеден асты.
Мемлекеттік айыптаушы сотта әйелдің кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтарды ұсынды. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, кейбір эпизодтар бойынша өкініш білдірген.
Сот үкімімен ол алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар жәбірленушілердің материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.