Астанада азаматтарға жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары мен тиімді несие рәсімдеуге көмектесеміз деп уәде берген ұйымдасқан қылмыстық топтың жеті мүшесіне қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер төрт жыл бойы азаматтарды алдап келген. Олар әрекеттеріне заңды сипат беру үшін кеңселерді жалға алып, коммерциялық ұйымдар құрған, қызмет көрсету туралы шарттар мен кепілдік хаттар рәсімдеген.
Сонымен қатар, күдіктілер азаматтардың сеніміне кіру үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда ықпалды байланыстары бар екенін айтқан.
Алаяқтық салдарынан 51 адам зардап шегіп, келтірілген материалдық шығын 413 млн теңгеден асқан.
Айыпталушыларға Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі (алаяқтық) және 262-бабы (ұйымдасқан топ құру және оған қатысу) бойынша айып тағылған.
Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.