Астанада 87 рет жол ережесін бұзған жүргізуші 15 тәулікке қамалды

104

Астанада жол қозғалысы ережелерін бірнеше ай бойы өрескел бұзып келген жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Астанада 87 рет жол ережесін бұзған жүргізуші 15 тәулікке қамалды Фото: urbanexpert.kz

Полицияның мәліметінше, 29 жастағы BMW жүргізушісі қала көшелерінде қауіпті маневр жасап, жол қозғалысы талаптарын әдейі елемеген.

"Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде тәртіп сақшылары аталған көлік иесін анықтады. Белгілі болғандай, ол биылғы наурыз бен маусым айлары аралығында жалпы 87 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған.

Олардың ішінде 55 жағдай – белгіленген жылдамдықты асыру болса, тағы 32 жағдайда қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақпен заңсыз жүрген және қарсы бағыттағы жолаққа шыққан.

Полиция бұл құқық бұзушылықтардың кездейсоқ емес, тұрақты түрде қайталанғанын атап өтті. Мәселен, наурыз айында Тұран даңғылы мен Ақмешіт көшесіндегі бейнекамералар оның бірнеше рет сағатына 129–131 шақырым жылдамдықпен жүргенін тіркеген.

Маусым айында да жүргізуші қауіпті әрекеттерін жалғастырған. Мұстафин көшесінде көлігін сағатына 126 шақырыммен жүргізсе, Мұхамедханов көшесінде рұқсат етілген 60 шақырымның орнына 151 шақырым жылдамдықпен қозғалған.

Полицияның айтуынша, мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіріп, қоғамдық тәртіпке құрметсіздік танытқан. Жүргізуші жүйелі түрде құқық бұзып, қоғамға анық құрметсіздік көрсеткені үшін ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Тәртіп сақшылары жол ережесін үнемі бұзу, агрессивті көлік жүргізу және өзге азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіру әрекеттері міндетті түрде заң аясында жазаланатынын еске салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу