Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында он екінші жаңа мектеп ашылғанын мәлім етті.
"Астанада он екінші жаңа мектеп ашылды! №36 мектеп Сарыарқа ауданындағы Қарасай батыр көшесінің бойында орналасқан. Осыған дейін балалар 90 жыл бұрын салынған мектепте оқып жүрді. Қазір оқушылар жайлы оқу орнында білім алып жүр", - деді әкім.
Оқу орны заманауи оқу кабинеттерімен жабдықталған. Сондай-ақ, спорт және акт залдары, медициналық кабинет, кітапхана, балалар алаңдары және т.б. бар.
"Осылайша, қазіргі оқу жылында 12 мектеп ашылды. Оқу жылының соңына дейін тағы 3 мектеп ашамыз.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалада "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асырамыз. Жоба аясында 2024-2025 жылдар аралығында 90 мыңға жуық оқушы орнына (2 ауысымды) арналған жаңа форматтағы 24 мектеп саламыз. Олардың 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл мен Нұра аудандарында орналасатын болады.
2027-2028 жылдарға дейін бас-аяғы 200 мыңға жуық оқушы орнына (2 ауысымды) арналған 80 мектеп салуды жоспарлап отырмыз", - деп жазды Жеңіс Қасымбек.