Астанада 90 жылы аялдама орнатылады

1186

Астанада 90 жылы аялдама орнатылады

Астанада мемлекеттік-жекеменшік серіктестік есебінен 90 жылы аялдама павильонын орнату жоспарланып отыр. Жылы аялдамадағы сауда орындарын бөлу үшін  арнайы ереже бекітіліп жатыр, деп хабарлайды Елорда Инфо.

"Астана" ӘКК ҰК" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов жылы аялдамалардағы сауда алаңдарына қатысты ереже бекітіліп жатқанын айтты.

"Олар "Көше саудасына 1000 орын" бағдарламасы ережесінің баламасы болады. Қалаға 200-ге жуық жылы аялдама павильоны қажет. Оның 55-і бюджет есебінен орнатылады, ал қалғанын біз мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмі есебінен орнатуға тырысамыз. ӘКК жер телімін ұсынып, құқығын белгілеуші барық қажетті құжатты алуға көмектеседі, ал инвестор-бизнесмен аялдама павильонын орнатады", - деді ол.

Басқарма төрағасының айтуынша, аталған аялдама павильондарын екі бағытта пайдалануға болады. Біріншісі жарнама таратушы – билбордтар есебінде, екіншісі -  гүл, фаст-фуд, жеміс-жидек саудасына арналған коммерциялық алаңдар ретінде.  

"Алғашқы пилоттық павильонды біз орнаттық. Қазір 10-нан көп аялдама орната алатын инвесторлармен жұмыс істеліп жатыр. Біз ондай инвесторлармен тікелей келіссөз жүргіземіз. Неге? Себебі, бір аялдама павильонының құны 6-дан 15 млн теңгенің аралығында және оны қосу ақысы бар. Оны кез келген бизнесменнің қалтасы көтермейді. Сол себепті 10 және одан көп павильон орната алатын ірі институттық ұйымдармен жұмыс істеп жатырмыз. Мұндай инвесторлар мен ұйымдармен келіссөз жүргізудің соңғы кезеңіндеміз, - деді Нұрлан Жақыпов.  

Бұған қоса, МЖС механизмі есебінен 90-ға жуық аялдама павильонын орнату көзделіп отыр.

"Мұнда негізгі мінжет – қалалықтар қақаған аязда қоғамдық көлікті жылы әрі жайлы жағдайда қарсы алуы тиіс. Әрі бұл аялдама павильондары қымбат тұратынын және оны күтіп-ұстау қыруар ақшаны қажет ететінін түсіне отырып, әлеуетті инвесторларға сауда жөнінде ақыл айта алмаймыз. Әрине, ол жерде тыйым салынған тауарлар мен заңсыз қызмет түрлерін көрсетуге жол бермейміз. Сол сияқты саудагерлерге қызмет түрі мен бағытын таңдауда шектеу қоймаймыз", - деді "Астана" ӘКК" ҰК басқарма төрағасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу