Абайдың 180 жылдығына орай Астана қаласының бірнеше орнында бірегей жоба – Домбыра Party іс-шарасы өтеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Іс-шаралар 10 тамыз күні Астана қаласының тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйытқы болуымен және Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен Нұржол бульвары, "Керуен" сауда орталығы маңында кешкі 19:00-де өтеді.
Домбыра Party жобасының туған жері – Астана қаласы, Нұржол бульвары. 2012 жылы Лондон олимпиадасы кезінде қазақ спортшылары алған алтын медальдардың қуанышын тойлаудан туған бұл мереке кейін жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Қазақстанның барлық қаласында, сондай-ақ Ташкент, Ыстамбұл, Лондон, Бішкек секілді үлкен қалаларда қазақ жастарының бастамасымен Домбыра Party өткізілді.
Бұл шара қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны ұлықтауды көздейді. Үлкен қалаларда қарбалас жұмыстан соң сейіл, серуенге шыққан азаматтардың көңілін көтеріп, мерекеге өздерінің де араласуына, домбыра тартып, ән айтуына жағдай жасайды.