Астанада адамның бет әлпетін танитын камералар пайда болды. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісінде "Астана Innovations" АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев жазды, деп хабарлайды abctv.kz.
"Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс белгілі бір ерекшелікке ие. Жасалған қылмыс тұрғындарда үрей мен қорқыныш тудырады. "Қауіпсіз аула" бағдарламасы аясында Астананың "ақылды" ауданында 22 камера орнатылған. Камералардың барлығында адамның түрін танитын функция және ІІД-да камералардың жазбасын көру мүмкіндігі бар. Бұл полиция қызметкерлерінің жұмысына көмек, мысалы төтенше жағдай немесе жаппай төбелес, ұрлық болатын болса, полиция қызметкерлері оқиға орнында не болып жатқанын, сондай-ақ қылмыскердің бет-әлпетін көре алады", - деп жазылған хабарламада.
"Астана Innovations" АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев Астана қаласы бойынша статистиканы келтірді.
"Тек алғашқы жартыжылдықтың ішінде бейне жазу камераларының арқасында екі жүзге жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Негізінен 1800-ден астам алкогольдік ішімдік ішу, қоғамдық орында мас болу жағдайы анықталды, сондай-ақ қоғамдық орында темекі тартқан 120-ға жуық жағдай белгілі болған. Бір сөзбен айтқанда, көп пәтерлі үйлерге қойылатын бейне бақылау жүйесі тұрғындардың қауіпсіздік деңгейін арттырудың тиімді тәсілі", - деп көрсетілген хабарламада.