Астанада ағаштарға адам есімі мен ерекше оқиғалардың атауы беріледі

236

Астанада "500 ағаш – 500 ерекше тарих" атты экологиялық жоба басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Астанада ағаштарға адам есімі мен ерекше оқиғалардың атауы беріледі Фото: ЖИ

Бастама аясында елордада 500 түп ағаш отырғызылып, әрқайсысына жеке цифрлық паспорт беріледі. 

Экологиялық акция Назарбаев университетінің аумағында өтті. Оған студенттер, еріктілер, экоактивистер мен қала тұрғындары қатысты.

Қатысушылар университеттің бас ғимаратынан Бейбітшілік және келісім сарайына қарай созылған жол бойына шырша көшеттерін екті. Жобаның басты ерекшелігі – әр ағашқа жеке атау беріліп, оны белгілі бір оқиғаға, тарихи сәтке немесе жақын адамға арнауға болады.

Бастамаға сол күні некесін қиған жас жұбайлар да қосылды. Олар үшін ағаш отырғызу жаңа өмірдің бастауы мен болашақ ұрпаққа қалдырған ізгі аманаттың символына айналды.

Жоба аясында әр көшетке цифрлық паспорт әзірленеді. Онда ағаштың түрі, отырғызылған күні, нақты мекенжайы мен орналасқан учаскесі көрсетіледі. Арнайы платформа арқылы тұрғындар оның тарихы мен қазіргі жағдайын бақылап, күтімі туралы ақпарат ала алады.

Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраевтың айтуынша, ағаштардың әрқайсысына жастар арасынан жауапты адамдар бекітіледі. Олар көшеттердің жай-күйін бақылап, күтіп-баптауға көмектеседі. Бұл жұмыстарға қалалық қызметтер де атсалысады.

Басқарма басшысы елордада 120 мыңға жуық студент білім алатынын атап өтті. Оның сөзінше, жастардың экологиялық бастамаларға қатысуы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Ұйымдастырушылардың мақсаты – қаланың жасыл желегін көбейтіп қана қоймай, әр тұрғынның табиғатты қорғауға жеке үлес қосуына мүмкіндік жасау.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу