Астана қаласында әйелін ұрып-соққан азаматқа сот үкімі шықты. Бұл туралы Астана қаласы Есіл ауданының №2 соты мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бүгін Астана қаласы Есіл ауданының №2 соты Б-ға қатысты жұбайы Ж-ның денсаулығына аса қатыгездікпен бірнеше рет орташа ауыр зиян келтіру және жүкті әйелді ұрып-соғу фактісі бойынша айыптау үкімін шығарды.
Айта кетсек, сотқа дейінгі тергеу барысында тағылған айыпқа сай Б. 2018-2020 жылдар аралығында жұбайының жүкті және оның материалдық тәуелді екенін біле отырып, оған физикалық және психикалық азап көрсеткен.
"Биыл 28 наурызда Б. лифтіде мас күйінде әйелін аса қатыгездікпен ұрып-соғып, тепкілеген. Осылайша, әйелінің денсаулығына орташа ауыр зиян келтірілді. Оқиға лифтінің бейнебақылау камерасына түсіп қалған", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Есіл ауданының №2 соты айыпты кінәсінің қалай дәлелденгенін түсіндірді:
- жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен;
- сот сараптамаларының қорытындысымен;
- бейнежазбамен;
- сотталушы мен жәбірленуші арасындағы хат алмасумен дәлелденді.
Ресми мәліметке сәйкес, Б-ның қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жай анықталмаған.
Яғни ҚР ҚК 107-бабының 2-бөлігіне сәйкес айыппұл салу, түзеу және қоғамдық жұмыс немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сонымен қатар ҚР ҚК 110-бабы 2-бөлігінің санкциясымен бас бостандығын шектеу не 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
"Сотталушының кінәсі дәлелденгендіктен, сот оған ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігінің 3, 7) тармақтары және 110-бабы 2-бөлігінің 1, 3) тармақтары бойынша 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Одан бөлек, жәбірленушінің пайдасына Б-дан 2 млн теңге сомасында моральдық және 4 млн теңгеден астам мөлшерде материалдық залал өндірілді", – деп жазылған сот үкімінде.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.