Астанада 7 жыл бойы әйелін ұрып соғып, психикалық қысым көрсеткен ер адам бір жылға ғана бас бостандығынан айырылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Астана қаласының прокуратурасы өткен жылдың 15 маусымынан бастап отбасы-тұрмыстық қатынастар бойынша құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершілік күшейтілгенін еске салды.
Енді қинау үшін (ҚК 110-бабы) бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, ал денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (ҚК 108-1 бабы) және ұрып-соғу (ҚК 109-1 бабы) әрекеттері қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
"Былтыр осы санаттағы істер бойынша 85 отбасылық бұзақы сотталды. Мысалы, 7 жыл бойы әйеліне тән зардабы мен психикалық зардап шегуге ұшыратып, қинағаны үшін ер адам 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Басқа жағдайда, құқықбұзушы қорғау нұсқамасын және тыйым салуды елемей, таныс қызын 5 жылдан астам уақыт бойы қудалаған. Прокурормен оның жүйелі түрде жәбірленушінің үйіне келіп, жанжал шығарып, отбасын қорқытып, ұрып-соққаны жөнінде дәлелдер келтірілді. Аталған әрекеттері үшін құқықбұзушы 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды", –делінген хабарламада.