Жоба тұрғындар мен қала қонақтарына жайлы әрі көркем орта қалыптастыруды, сондай-ақ жол бойындағы экологиялық тепе-теңдікті сақтауды мақсат етеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Автомобиль жолдарының эстетикалық және экологиялық сапасын арттыру мақсатында "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы Астана қаласының айналма жолының 46-53 шақырым аралығында көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде. Аталған учаске әуежайдан Қызылсуат қиылысына дейінгі бағытты қамтиды және Шерхан Мұртаза көшесі арқылы өтеді.
Аталған учаске ерекше назарда, себебі дәл осы бағыт – әуежайдан қалаға бет алған жолаушылардың Астанамен алғашқы танысатын бөлігі. Сол себепті көгалдандыру жұмыстары елорданың жалпы келбетін жақсартуға және экологиялық ахуалын оңалтуға бағытталған.
Жоспарға сәйкес, айналма жол бойында сәндік ағаштар мен бұталар отырғызылып, көгал төселеді және жасыл желектерге тұрақты күтім жүргізіледі. Жасыл аймақ шаң мен шудың әсерін азайтып, жол бойындағы микроклиматты жақсартады.
Қазіргі уақытта жол саласының дамуы тек көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етумен шектелмей, экология мен қоршаған ортаны қорғау бағытында да жүйелі шараларды қамтиды.