Алматы ауданының полицейлері бұрын жиһаз жасаушы болып жұмыс істеген 39 жастағы ер адамды анықтады. Ол тапсырыс берушілерді алдап, ақшаларын жымқырған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаңа клиенттер жиһаз жасаушыға таныстарының ұсынысы бойынша жүгінген. Ер адам тапсырысты уақытында орындайтынына сендіріп, азаматтардың сеніміне кірген. Жиһаз жасау мүмкіндігі жоқ екеніне қарамастан, клиенттердің үйіне барып, өлшемдерін алып, алдын ала төлем алған. Оның осындай төрт дерекке қатысы бар екені анықталды.
Шығынның жалпы сомасы шамамен 5 млн теңгені құрады. Қазіргі уақытта алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдіктінің басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Полиция азаматтарды кез келген жағдайда қырағы болуға шақырады.
Азаматтарға жиһаз жасау цехына барып, нақты клиенттердің пікірлерімен танысуға кеңес береміз. Сонымен қатар компанияның толық деректемелері, мөрлері көрсетілген келісімшарт жасау, жиһаз алғанға дейін толық төлем жасамау қажет, – деп кеңес берді полиция қызметкерлері.