Барлық өңірде интернет-алаяқтықтарды тергеу бойынша "Киберпол" мамандандырылған топтары құрылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.
Алаяқтарды ұстау үшін мемлекеттік органдар, қаржы мекемелері және жеке сектормен өзара іс-қимылды күшейтуге баса назар аударылып отыр. Мұндай қылмыстарды анықтауға және ашуға, сондай-ақ ұйымдастырушылар мен қатысушыларды ұстауға бағытталған шаралар кешені іске асырылуда.
"Жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін іске асыру барысында 2023- жылдың соңында тек Астана қаласында 4 алаяқтық Call-орталық анықталып, жойылды. Олардың қызметкерлері тек жақын және алыс шет елдердің байланыс операторларының нөмірлеріне қоңырау шалғаны анықталды. Іздеу іс-шаралары барысында гарнитурасы бар 170-тен астам ноутбук, арнайы бағдарламалармен қорғалған желілік жабдық тәркіленді", - деп хабарлады спикер.