Астанада алаяқтардың қоңырауларын бұғаттайтын Anti Call-орталығы іске қосылды

233

Жоба іске қосылғалы бері азаматтардың атына ірі несие рәсімдеудің алдын алу фактісі тіркелген.  

Астанада алаяқтардың қоңырауларын бұғаттайтын Anti Call-орталығы іске қосылды Фото: gov.kz

Астанада алаяқтық қоңырауларды анықтап, бұғаттайтын Anti Call-орталығы жұмысын бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл – Қазақстанда іске қосылған алғашқы осындай орталық. Жоба елорда прокуратурасы мен Қазақтелеком АҚ бірлесіп жүзеге асырды.

Астана қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Нұрислам Балтабековтің айтуынша, орталықтың негізгі мақсаты – интернет арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу.

"Орталық Қазақстан аумағынан да, шетелден де келіп түсетін күмәнді қоңырауларды анықтап, бұғаттайды. Anti Call-орталығының операторлары кибералаяқтарды әңгімеге тартып, олардың уақытын алады және әлеуетті құрбандарына хабарласуына кедергі келтіреді.
Қоңыраулардың трафигі тұрақты түрде талданады: олардың қайдан келгені, кімге бағытталғаны зерттеледі. Егер бір жерден ұзақ уақыт бойы немесе тым көп қоңырау шалынғаны анықталса, бұл алаяқтық әрекеттің белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда оператор алаяқпен сөйлесуді бастайды. Ол неғұрлым көп уақыт жоғалтса, азаматтар соғұрлым қауіпсіз болады. Ұзақ сөйлесу шығыны алаяқтың өзіне түседі, ал бұл уақытта киберполиция қоңырау түсіп жатқан азаматтарға олардың деректері қылмыскерлердің қолына түскені туралы ескертуге тырысады.
Біздің тәжірибеде осы орталықтың көмегімен банк алдында тұрған азаматтың атына ірі несие рәсімдеудің алдын алған жағдай да болды", – деді Нұрислам Балтабеков.

Оның айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда Астанада алаяқтық қылмыстардың жалпы саны 3,5%-ға, ал интернет-алаяқтық деректері 12%-ға азайған.

Сонымен қатар былтыр елордада екі қылмыстық Call-орталықтың қызметі тоқтатылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу