Астанада алғаш рет диджейлер байқауы өтеді

1160

шара "Этноауыл" Ұлттық-мәдени кешені аумағында өтетін open air аясында ұйымдастырылмақ. 

Астанада алғаш рет диджейлер байқауы өтеді

Астанада "Этноауыл" Ұлттық-мәдени кешені аумағында ауқымды open air өтеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Ұйымдастырылар барлық шаралар мен экспозициялар көне дәуірдегі тарих пен бүгінгі күндер жетістігін, қазақ халқы шеберлерінің өнерін, ұрпақтар сабақтастығын түгел қамтиды.

Көрменің мақсаты – қазақ мәдениетінің жаңа заман ырғағына сіңісіп, бейімделуін насихаттау, жастардың тарихи құндылықтарға қызығушылығын оятып, халық шеберлерінің жұмысын көрсету.

Көрмеге қатысатын қолөнер шеберлері өздерінің қолынан шыққан бұйымдарын көрсетумен қатар, жаңа өнерді үйренуге ерік білдірген барлық жандарға арнап шеберлік сағаттарын тегін өткізеді. Келушілер ер-тоқым, ауыздық пен қамшы секілді ат әбзелдерін де тамашалай алады.

Көрмеде еліміздің әр аймағынан келген тарихи жәдігерлер орналастырылады. Келуші қонақтар өткен ғасырға саяхат жасап, сол дәуірдегі киімдер мен әшекейлер, тұрмыстық бұйымдар мен орта ғасырларда қолданылған өзге де заттарды тамашалай алады. Олардың ішінде көне заман көшпенділерінің бұйымдары да бар. Сол заман адамдарының костюмдері мен қару-жарақ өзге де атрибуттарының ғылыми жолмен қайта қалпына келтірілген нақты көшірмелері қойылады.

Этнодизайнерлер байқауының бағдарламасында қазіргі заманғы қазақы киімдердің үлгілері көрсетіледі. Сонымен қатар "Томирис" пен кішкентай бүлдіршіндерге арналған "Жас батыр" костюмдер байқауы ұйымдастырылады.

Киіз үйлерде дәмді тағамдар пісіріледі. Мұнда меймандар бауырсақ, құрт пен жент және т.б. дәстүрлі қазақ тағамдарынан ауыз тие алады.

Шара соңында фольклорлық музыканы ерекше интерпретацияда ұсынар өнерпаздардың гала-концерті ұйымдастырылады. Көмеймен орындаушылардың заманауи үлгілерін ұсынар Тюргэн Кам мен "Арқайым" нео-этно-фолк тобы өнер көрсетеді.

Осы шараға келушілерді этно стилінде жұмыс істейтін диджейлердің алғашқы қазақстандық байқауы күтіп тұр. Қобыз, домбыра мен өзге де дәстүрлі аспаптардың заман ағымына сай бейімделген әуендері шырайлы кешті әсерлі қыла түспек.

Жазғы маусымның шымылдығын "Қазақстан – ұлы дала елі" республикалық көрмесі жабады. Ауқымды шараға келер қонақтар ерекше эмоцияға бөленіп, туған ұлттың тарихының жаңа парақтарымен танысады.

Шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен өткізіледі. Көрмені сағат 10:00-22:00 аралығында тамашалауға болады, кіру тегін.

Қонақтарға қолайлы болуы үшін "Хан Шатыр" СОО-дан "Этноауылға" дейін сағат 10:00-21:00 аралығында тегін автобустар қатынайды. Сонымен қатар көрмеге №18, 301, 302, 303, 304, 305 қалалық маршруттармен жетуге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу