Елордада алғаш рет мұздағы мотожарыс спорт түрінен сайыс өтеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің сайты.
Еліміздің мұздағы мотожарыс спорт түрінен әлем чемпионатының кезеңдерін өткізу бойынша үлкен тәжірибесі бар. Соңғы үш жылда жарыс Алматыдағы "Медеу" жасанды мұз айдынында өткен болатын.
3-4 ақпан күндері Астанадағы "Алау" мұз айдыны сарайында жарыстың 2018 жылғы алғашқы финалдық жарыстары өтеді. Қалған финалдық кездесулер дәстүр бойынша Ресейде, Голландияда және Германияда өтеді.
"Алау" мұз айдынында спорттық кештің алғашқы дайындығы өтті. Халықаралық мотоциклет федерациясының (FIM) арнайы комиссиясы әлем чемпионатының финалдық кезеңі өтетін алаңды аралап көрді. Комиссияның төрағасы дайындық жұмыстарының жоғары деңгейде екенін атап өтіп, FIM регламентіне сай екендігін тілге тиек етті және ұйымдастырушылардың қазіргі кездегі жұмысын жоғары бағалады.
"Астана осы спорт түрінен жарысты алғаш рет өткізгелі отыр, дегенмен әлемдік деңгейдегі түрлі жарыстар өткізуде бұл қаланың тәжірибесі жетерлік. Қазақстанның автомотоспорт федерациясы осы спорт түрінен Алматыдағы "Медеу" жасанды мұз айдынында үш финалдық жарыс өткізген және біз Астанадағы жарыс та жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймыз. Біз Астанада өтетін жарысқа дайындық өте жақсы жүріп жатқанын көзімізбен көрдік. Жарыс өтетін стадион барлық талапқа сай", – деп атап өтті халықаралық мотоциклет федерациясының директоры Армандо Кастанья.
"Біз әлемдік мұз спидвей үздіктерінің жарысы Астана көрермендерінің үлкен қызығушылығын оятарына сенімдіміз. Спидвей бойынша әлем чемпионатының финалдық стартының "Медеуден" кейін үш жылдан соң Астанада жалғасуы – Қазақстанның жарыс өткізуде тәжірибесі барына FIM халықаралық федерациясы тарапынан бізге сенім артқандығының дәлелі. Біз осындай беделді жарыстың Астананың 20 жылдығына орай өтіп жатқанын мақтаныш етеміз", – деді Қазақстан Республикасы автомотоспорт федерациясының президенті.