Астанада елорда әкімдігінің қолдауымен №4 қалалық емхананың базасында Геронтологиялық орталық ашылды. Елордалық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, орталықты құруда егде жастағы адамдар әлеуметтік дамудың оң факторы ретінде қарастырылатын әлемнің озық елдерінің тәжірибесі пайдаланылды. Қазақстанда 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр, онда егде жастағы адамдарға қамқорлық жасау мен олардың қажеттіліктеріне айрықша көңіл бөлінген.
Орталықты құрудағы негізгі мақсаттардың бірі – ересек және егде жастағы адамдардың жай-күйін кешенді гериатриялық бағалау. Кешенді гериатриялық бағалау – ересек және егде жастағы адамдарды көпөлшемді, көппрофильді диагностикалық бағалау. Кешенді гериатриялық бағалауға дәрігер-гериатр, кардиолог, невролог, психолог, әлеуметтік қызметкер, клиникалық фармаколог қатысады. Орталықта мамандар емделушінің физикалық және функционалды жай-күйін, оның жадын, эмоциналды жағдайын, дәрілік терапияның қауіпсіздігін бағалайды, сонымен қатар, тамақтану мәселелері жөнінде кеңес береді, емдік-физикалық жаттығулар, емдеу, күту мен сауықтырудың жеке жоспарын әзірлейді.
Орталық сапалы диагностикалық шаралар өткізуге арналған заманауи медициналық құралдармен жабдықталған.
Мұндай Орталықтың ашылуы қарт кісілер үшін маңызды уақиға, себебі бұл "осы жерде және қазір" принципі бойынша бір медициналық мекеме жағдайындағы дәрігерлік көмектің қолжетімділігін арттырады, дейді орталық мамандары.