Астана прокуратурасы алимент өндіруге қатысты сот актілерінің орындалуын тексеру барысында сот орындаушыларының 5 мыңнан астам әрекетсіздік фактісін анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру кезінде 5,5 мың борышкер өз балаларына нақты 26 млрд теңге көлеміндегі табысын жасырғаны белгілі болды.
Прокуратура бастамасымен алимент берешегін өндіріп алудың жаңа тәсілі енгізілді. Енді бұрын жеке сот орындаушыларының назарынан тыс қалған борышкерлердің арнайы техникасы да өндіріп алуға жататын мүлік ретінде қарастырылады.
Осы тәсілдің нәтижесінде жалпы құны 2 млрд теңге болатын 126 бірлік құрылыс, жол және ауыл шаруашылығы техникасы анықталды.
Бүгінде прокуратура 2,5 мың баланың пайдасына 2 млрд теңгеден астам алимент өндіріп алды.
Тексеру қорытындысы бойынша Әділет министрлігіне қадағалау актісі енгізілді. Онда анықталған кірістер мен арнайы техникаға өндіріп алуды қамтамасыз ету, сондай-ақ әрекетсіздікке жол берген жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдау ұсынылды.