Астанада, Алматыда және бірқатар облыста Жаратылыстану музейі ашылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "кітап оқу мәдениетін насихаттауға айрықша назар аударған жөн" деп есептейді.  

Астанада, Алматыда және бірқатар облыста Жаратылыстану музейі ашылады Фото: yandex.kz

Сондай-ақ, балалардың ғылымға қызығушылығын оятпай, адам әлеуетін нығайту мүмкін емес екенін айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Биыл тиісті Жарлыққа қол қойдым. Үкімет осы жұмысқа қоғам белсенділерін, шығармашылық пен ғылыми қауымдастық өкілдерін, журналистер мен кәсіпкерлерді көптеп тартқаны жөн.

Бұл істе оқушыларға арналған ғылыми музейлер мен зерттеу орталықтары маңызды рөл атқаратынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Дәл осындай алаңдар оқушыларға білімін іс жүзінде қолданып көруге, тәжірибе жүргізуге, ғалымдардың еңбегімен танысуға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.

Осы орайда Астанада, Алматыда және бірқатар облыс орталығында балаларға арналған Жаратылыстану музейін ашу орынды деп санаймын.

Екі жыл ішінде Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында Президенттік кітапханалар өз жұмысын бастайды. Мұндай кітапханаларды Шымкентте және басқа да облыс орталықтарында салу жоспарда бар. Демеушілер аталған бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, білім беру мекемелерін көбірек салу керек, білім беру жүйесін дамытуға және жетілдіруге ден қойған жөн.

– Өскелең ұрпақты өркениетті әрі жасампаз құндылықтар негізінде тәрбиелеу – ортақ парызымыз. Мемлекет, ұстаздар және ата-аналар күш біріктіргенде ғана балаларымыздың үйлесімді дамуына барлық жағдайды жасай аламыз, басқаша айтқанда, жарқын болашағына жол ашамыз, – деп сөзін қорытындылады Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу