Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ана мен баланы қолдауға баса назар аударды. Осы туралы онлайн-брифингте Астана қаласы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Дәмежан Сәдуақасова айтып берді, деп жазады inbusiness.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Айта кету керек, балалы отбасыларды әлеуметтік қамсыздандыру жәрдемақылардың бірнеше түрін қамтиды:
- баланың тууына біржолғы жәрдемақы (2023 жылы бірінші, екінші, үшінші баланың тууына берілетін жәрдемақы мөлшері 131100 теңгені (38 АЕК), төртінші және одан да көп балаға 217350 теңгені (63 АЕК) құрайды;
- жұмыс істемейтін әйелдер үшін республикалық бюджет есебінен бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы. Бұл жәрдемақы мөлшері АЕК-ке байланысты және отбасындағы бала санына қарай төленеді.
- 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға (қорғаншыға) төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы. 2023 жылы 56794 теңге мөлшерінде (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 мөлшерінде).
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (жәрдемақы мөлшері қазіргі уақытта 22080 теңгені (6,4 АЕК) құрайды). Елорда бойынша 6 мың әйел көпбалалы ана ретінде ай сайын жәрдемақы алады, оның ішінде 1739 әйел – "Алтын алқа" алқа иегері, 3788 әйел – "Күміс алқа" алқа иегері, 241 әйел – "Батыр ана" орденімен марапатталған және 232 әйел – "1 және 2 дәрежелі Ана даңқы" орденімен марапатталған.
- кәмелетке толмаған немесе 18-23 жас аралығында күндізгі нысан бойынша оқитын 4 және одан көп баласы бар көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тағайындалады.
Астана қаласында 2023 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша 28 267 отбасы осы жәрдемақыны алушылар болып саналады.
"Жұмыс істейтін әйелдерге бала күтіміне байланысты берілетін ай сайынғы жәрдемақы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем ретінде төленеді. Бұл төлемнің мөлшері бала туғанға дейінгі 24 айдың орташа табыс мөлшерінің бөлігі ретінде есептеледі және бала бір жарым жасқа толғанша төленеді", - деді спикер.