Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында 2020 жылдан бастап жүргізуші куәліктерін заңсыз берген және шетелдік автомобильдерді есепке қойған 18 қылмыстық іс тергелді, деп хабарлайды inbusiness.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Тексеру барысында 60 мыңға жуық жүргізуші куәлікті заңсыз бергені және заңсыз әкелінген 2 мыңнан астам автокөлікті есепке қойылғаны анықталды. Қылмыс Астана, Шымкент қалаларында, Ақмола, Қостанай және Жамбыл облыстарында жасалған. Бас-аяғы 13 адам қылмыстық жауапқа тартылды.
"Елордада алымдар мен төлемдерді төлемей, шетелден әкелінген автокөліктерді тіркеу есебіне заңсыз қоюмен айналысқан арнайы ХҚКО қызметкерлері мен азаматтық тұлғалар ұсталды", - деп мәлімдеді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Қылмыстық топ алдау жолымен азаматтардан ақша алып, 500-ге жуық көлік құралын заңсыз тіркеген.
Тергеу сотының санкциясымен қылмыстық топтың 9 мүшесі, оның ішінде елордалық арнайы ХҚКО басшысы қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.