Астанада ашық аспан астындағы жаңа музей бой көтереді

679

Елорданың төңірегінде орналасқан ежелгі Бозоқ қалашығының аумағына тарихи капсуласын қалау рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Астанада ашық аспан астындағы жаңа музей бой көтереді Фото: gov.kz

"Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты парк Астананың сол жағалауында Үркер және Ильинка ауылдары арасында салу жоспарланып отыр.

Тарихи кешенде ұлттық парк, өндірістік кварталдар, мұражай және Қазақстанның қасиетті орындар тізіміне енген көне шаһардың  кесенесі қалпына келтіріледі. Бозоқ көнетүрік қалашығын осыдан ширек ғасыр бұрын алғаш болып археолог Кемаль Акишев тапқан. Тарихи жаңалық Астана әлде қайда ертеректе салынғанын көрсетеді. Жүргізілген қазба жұмыстарының арқасында ғалымдар дала өркениетіне қатысты бай жәдігерлерге қанығып отыр. 

Жобаны 2022-2025 жылдар аралығында 4 кезеңге бөліп іске асыру жоспарланған. Шартты түрде парктің барлық нысандары тарихи және инвестиция­лық деп екі бөлікке бөлінеді. "Бозоқ" ұлттық ­паркін құру еліміздің туристік бренді, елорда тұрғындары мен қонақтарының мәдени демалыс орны болады, ішкі және халықаралық туризмнің өсуін қамтамасыз етеді. Тарихи жад капсуласын қалау рәсіміне Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, жетекші отандық ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, елорда мектептері мен колледждерінің, Ақмола облысының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарих мұғалімдері мен білім алушылары, қоғам өкілдері қатысты.

"Жастарға осындай біздің тарихымыз бар екенін көрсету үшін біз осындай үлкен Бозоқ сияқты жобаны жасаймыз. Осының арқасында біз ұлттық кодымызды, ұлттық тарихымызды, ұлттық болмысымызды көрсете аламыз дей ойлаймын. Ол жерде тек қалашықтың бейнесі ғана болмайды. Үлкен археологиялық, бір жағынан парк, екінші туристік парк болады. Туризмді таратын парк болады", – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Ұлттық парктың аумағы 400 гектардан асады. Оның ішінде көл де бар. Кешеннің құрылысы бірнеше кезеңде жүргізіледі. Алдымен толық қоршалып, орта ғасырлық стильдегі екі кіреберіс қақпасы болады. Ал келесі жылы саябақтың орталығы салынып, Бозоқ қалашығы жаңғыртылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу