Елорда күніне орай Астанадағы "Ғашықтар" аллеясында "Астана сақасы" асық ату турнирі ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жарыс жасөспірімдер мен ересектер арасында асық ату және бесасық бойынша өтті. Турнирге асық атудан 72 ер азамат пен 16 жасөспірім, ал бесасықтан 25 қыз қатысты.

"Асық ату – қазақ дәстүрімен тығыз байланысты. Бүгінде бұл ұлттық спорт түрі ретінде ресми тіркеліп, күнтізбе негізінде жарыстар тұрақты ұйымдастырылады. Асық ату арқылы балалар мергендікке, ептілікке үйренеді. Жарыстың ең жас қатысушысы 8 жаста болса, ең үлкені 62 жас болып тіркелді. Бәсекеміздің басты мақсаты – қала күні қарсаңында тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұлттық спорт түрін насихаттау", – деді жарыс ұйымдастырушысы Нағашыбек Ахбаев.

Биыл екінші рет өткен "Астана сақасы" турниріне Астана тұрғындарымен қатар еліміздің 10-ға жуық өңірінен келген қонақтар болды. Олардың арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері де бар.
Турнир жеңімпаздары арнайы кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.