Астанада астықты терең өңдейтін ірі кешен салынып жатыр

137

Жобаның жалпы құны – 175,7 млрд теңге. Банк қаржысы жабдық сатып алуға және оны монтаждауға жұмсалады.

Астанада астықты терең өңдейтін ірі кешен салынып жатыр Фото: YouTube

ҚДБ мен "Kazak Protein" ЖШС Астанада дәнді және бұршақ тұқымдас дақылдарды терең өңдейтін біріктірілген агроөнеркәсіп кешенін салуға арналған несие желісін ашу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жоба Үкімет бекіткен 17 серпінді бастаманың қатарына енген. Ол қосылған құны жоғары өнім өндіруді ұлғайтуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және елдің орнықты экспорттық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған.

Кәсіпорын толық қуатына шыққан соң жылына 250 мың тоннаға дейін бидай мен 80 мың тонна бұршақ өңдей алады.

Жоба аясында серіктестіктің жылдық экспорттық түсімі 100 млрд теңгеден асады деп күтіледі. Сонымен қатар шамамен 420 жаңа жұмыс орны ашылады.

Кәсіпорында ESG қағидаттарымен қатар, жасанды интеллект элементтері мен биотехнологияларды қамтитын заманауи технологиялық шешімдер енгізіледі.

Жобаның іске асуы лизин, түрлендірілген бидай крахмалы, бұршақ ақуызы изоляты мен бұршақ крахмалы бойынша импортты іс жүзінде толық алмастыруға мүмкіндік береді.

Кешен логистика, жем өндірісі және тамақ өнеркәсібі сияқты сабақтас салалардың дамуына серпін беріп, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өніміне тұрақты сұраныс қалыптастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу