Жыл сайын 15 ақпан күні Астанада Ауғанстанда 10 жылға жуық жалғасқан соғысқа қатысқан интернационалист-жауынгерлерді еске алу күні атап өтіледі. Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауған аумағынан шығарылғанына 28 жыл толды.
Бүгін Астанада интернационалист-жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, оған Астана қаласы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қамбаров, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, "Боевое братсво" РФ Халықаралық ардагерлер одағының өкілі Геннадий Шорохов қатысты.
"Осы жерде тұрғандардың әрбірі әскери жылдардың сынағын бастан кешірді. Осы күнге жетпеген айыпсыз жандар қаншама. Кандагарда, Құндызда, Паншерде және Гератта ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерімізді құрметпен еске аламыз. Олардың есімдері біздің жүрегімізде мәңғгі сақталады. Соғыс оты тұтанбасын, әрқашан бейбітшілік пен келісім болсын", - деді Қайрат Қамбаров.
Мемориал басында Ауған соғысының ардагерлері, "Нұр Отан" партиясының мүшелері, қаза тапқандардың туған-туыстары, қала билігінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, орта және жоғары оқу орындарының студенттері, Астанада орналасқан әскери бөлімшелердің өкілдері жиналды.
Ауған соғысына 22 269 қазақстандық аттанып, соның 324-і қаза тапты, 1015 жерлесіміз мүгедек атанса, 21-і із-түссіз жоғалды.
Шара соңында жиналғандар интернационалист-жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.