Астанада ауыр атлетикадан "ILYIN IRON CUP" турниры өтіп жатыр

606

Илья Ильин атап өткендей, турнирдің басты мақсаты – елімізде бұқаралық спортты насихаттау. 

Астанада ауыр атлетикадан "ILYIN IRON CUP" турниры өтіп жатыр Фото: gov.kz

Астанадағы "Qazaqstan" жеңіл атлетика спорт кешенінде қазақстандық ауыр атлет, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин бастамасымен және ұйымдастыруымен күштік спорт түрлерінен "ILYIN IRON CUP" демонстрациялық турнирі өтіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"ILYIN IRON CUP" – Қазақстан мен көршілес елдердің 200-ге жуық кәсіпқой спортшысы ауыр атлетика, пауэрлифтинг, армрестлинг, кроссфит, мас-рестлинг, гір көтеру, армлифтинг, воркаут, стронгмен сынды спорт түрлері бойынша үздік атану үшін сынға түсетін бірегей спорттық іс-шара.

Турнирдің ашылу салтанатына ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев, G-PARK компаниясының бас директоры Ғабит Сатмағамбетов қатысты.

"Осындай жарыстарды кәсіпқойлар арасында ұйымдастыруды көптен армандадым, олар өз саласының мықты спортшылары. Болашақта бұл турнирді еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ көршілес елдерден көптеген спортшылар жиналып, бәсекелестік атмосферасын тағы бір сезініп, спорттың ұлылығына құрмет көрсететіндей "темір" жекпе-жек өнері бойынша "шағын олимпиада" ретінде көремін. Бұл менің спорттық карьерамды аяқтағаннан кейін жүзеге асырған алғашқы ірі жобаларымның бірі және біздің "Iron Cup" ешкімді бей-жай қалдырмай, жыл сайынғы спорт мерекесіне айналатынына сенемін", - деп бөлісті Ильин.

Айта кетейік, іс-шара Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасы аясында Астана қаласы әкімдігінің және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу